30
март
2017
"Жан жылуы" концерті.
«Мейірімділік –жүректен»- дейді дана халқымыз. Абай атамыз да өзінің қара сөздерінде «Тірі адамның жүректен аяулы жері жоқ» - деген. Қаратал орта мектебінде жанашырлықты, мейірімділікті, қамқорлықты оқушылар бойына сіңіру жолында көптеген іс-шаралар өтіп жатады. Жуықта 10 А сыныбының оқушыларының ұйымдастыруымен «Жан жылуы» атты концерт қойылды. Бұл игілікті іс биылғы Астана қаласында өтетін «ЭКСПО- 2017» - ге баратын мүмкіншілігі аз балаға жол қаражатына кететін қаржысын өтеп беру үшін жасалынды. Ол да осы қоғамның бір мүшесі ретінде балалық шақтың шаттығы мен қуанышын сезінуіне мүмкіндік жасау еді. Концертті ұйымдастыруда белсенді жұмыс атқарған осы сыныптың шығармашылық әрі ұйымдастырушылық қабілеттері болғандар : Базарбекова Жансая, Әнуарбек Аружан, Советханова Іңкәр, Думанқызы Нұржар, Тоқанова Шырайлым, т.б. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші жүргізушілік қабілеті жоғары, болашағынан үміт күттіретін 11 сынып оқушысы Аршын Арқалық өзінің әдемі қоңыр дауысымен Базарбекова Жансая екеуі кешті жандандыра түсті. Әртүрлі ойындар ұйымдастырылып, жеңгендерге кішігірім сыйлықтар берілді. Заманауи билер әр сыныптың бишілерінің бірінен-бірі асып, кештің көркін қыздыра түсті. Ерекше көзге түскен 10 Б сыныбының бишісі Қалибекова Алтынай мың бұрала билеуден де, заманауи биден де ерекшеленді. 8 сынып оқушылары да қалыспай, Дана Қасеинова мен Нұрай Ризабекова өз өнерлерін ортаға салды. Өздерінің әдемі қимылдарымен биге Дамир мен Диас көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Адам жүрегі махаббатқа, сүйіспеншілікке толы болса ғана мейірімділік, адалдық сияқты асыл қасиеттер байқалып тұрады. Мейірімді жан қашанда өзге адамға, туған-туысқандарға, табиғатқа деген жанашырлық сезімін, қамқорлығын көрсетуге дайын тұрады. Табиғаттағы барлық жылу күннен, өмірдегі барлық жылу –адамнан демекші, бір – бірімізге деген қамқорлығымызбен, бауырмалдығымызбен шынайы болып, азаймаса екен. Өнерлі балаларымызға қанаттарың талмасын, болашақтарың бақытты болсын, жүректерің елім, жерім, деп соғып тұрсын. Еліміздің сүйкімді, өнерлі жастары, сендер барда, болашақ бар!
Тойлыбаева Анаргул, Қаратал орта мектебінің 10 А сынып жетекшісі.
Тойлыбаева Анаргул, Қаратал орта мектебінің 10 А сынып жетекшісі.